«Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі» қаржылық тексеру органдарының назарынан тыс қалмайды

2025 жылғы 25 қарашада Шымкент қаласы бойынша Тексеру комиссиясымен «Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізу» аудиторлық іс-шарасы бойынша жүргізілген аудит нәтижелерімен анықталған бұзушылықтардың қорытындысын талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстел отырысы Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі А.Балықбаевтың төрағалығымен жүргізіліп, тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит тобы және аудит объектісінің, яғни  «Шымкент қаласының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілдері қатысты.

Жалпы қорытындылай келе, аудит объектісі тарапынан бюджет қаржыларын жоспарлау барысында бюджет жүйесінің нәтижелік, тиімділік, негізділік қағидаттарының және жобалау-сметалық құжаттама талаптарына сәйкес жұмыстардың орындалмауына жол берілген.

Сондай-ақ, бастапқы сараптамадағы құнынан жобалау-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізу, құрылыс түрлерін алып тастау және қосу салдарынан бастапқы қарастырылған қаржылардың ұлғаюына әкеп соқтырған, өз кезегінде бюджет қаржысының сараптамада қарастырылған бастапқыдан көп жұмсалу тиімсіздігіне әсерін тигізе отырып, яғни бюджетке көп жүктеме түсіріп және ықтимал шығындарға жол берілген.

Дөңгелек үстелдің қорытындысымен мемлекеттік аудит объектісіне келешекте кемшіліктерді болдырмау және алдын алу мақсатында іс-шараларды орындау бойынша нақты ұсыныстар берілді.

 

 

Тексеру комиссиясының  мүшесі                             А. Балықбаев