Мәдениет саласындағы сыртқы аудит нәтижесі:

Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы тарапынан «Мәдениет саласындағы мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің атқарған қызметінің тиімділігін бағалау» іс-шарасы «Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы» бағынысындағы 8 аудит объектісінде жүргізілді. Аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 6 476,0 млн. теңге көлемінде бюджет және өзгеде заңнама талаптарының сақталмауына жол берілгендігі анықталды. Оның ішінде: қаржылық бұзушылықтар 5 779,3 млн теңге (оның ішінде  бюджетке түсетін түсімдер бойынша анықталған қаржы – 17,5 млн. теңге, бюджет қаражатын пайдалану кезіндегі бюджет заңнамасының және өзге де заңнаманың сақталмауы бойынша бұзушылықтар —  52,5 млн. теңге, бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау кезіндегі бұзушылықтар — 5 709,3 млн. теңге), тиімсіз жоспарлаған 321,9 млн. теңге, тиімсіз жаратылған 375,0 млн. теңге. Сонымен  қатар, жіберіп алған пайданың сомасы 12,9 млн. теңге және 177 бірлік  рәсімдік сипаттағы бұзушылық фактілері анықталды. Жалпы есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау кезінде қолданыстағы тиісті бухгалтерлік, бюджеттік заңнамалардың талаптары сақталмау салдарынан 7 мәдениет ұйымдары бойынша 5 709,1 млн. теңге бұзушылықтар орын алған, оның ішінде 3 кәсіпорын бойынша (Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры, Әзіл-сықақ және сатира театры, Шымкент-Цирк) 2018 жылы Түркістан облысынан Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне  3 022,6 млн.теңге активтердің қабылдау-өткізу жұмыстары жүргізілмеген. Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы бойынша қолданыстағы бюджет, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаларының талаптары сақталмай, мекеме ғимаратын жаңғырту (модернизация) күрделі жөндеуге жататын жұмыстарды  жобалау-сметалық құжаттаманы тиісті сараптамадан өткізбей, ағымдағы жөндеу жұмыстар есебімен қаржыландырылып, жалпы сомасы 170,0 млн. теңгеге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған. Сондай-ақ, құрылыс басқармасымен Шымкент-Цирктің аумағына орнатылған құны 36,4 млн. тенге фонтанды тиісті органдарға тіркеу, теңгерімде ұстаушыға өткізу жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты 8 жылдан бері «Шымкент-Цирк МКҚК» балансына өткізілмеген.

Бюджет заңнамаларының талаптарын сақтамай, COVID-19 короновирусынын «пандемия»-деп жарияланған кезі 2020 жылдың наурыз, сәуір, мамыр айларында төтенше жағдайға байланысты спектакльдер қойылмай, әртістер қашықтықтан жұмыс атқару режиміне ауыстырылған,  алайда актерлік шеберлігі үшін ақы әртістерге 3 кәсіпорын тарапынан 6051,8 мың теңге негізсіз төленген, оның ішінде Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында 45 әртістерге наурыз айында 760,5 мың теңге; Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында 19 әртістерге 319,3 мың теңге; Шымкент-Циркта 80 әртістерге 4972,0 мың теңге төленген.

Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінде қызметкерлерінің еңбекақысын есептеудің негізділігін, дұрыстығын тексеру барысында 2018 жылдың қаңтар айынан бастап 2021 жылдың мамыр айына дейін мекеменің бас бухгалтері  Э.Б. Татыбаева 6 630,6 мың теңгені, ал оның көмекші бухгалтері Б.А.Сейдалиева 3 160, 4 мың теңге бюджет қаржысын «Халық банк» АҚ-дағы өздерінің жеке карт шоттарына жалақыдан бөлек артық заңсыз аударып отырғаны анықталды. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп, жоғарыдағы екі кызметкер қаржыларды ұрлағанын мойындап, қаржы толық бюджетке қайтарылып екі жылға бас бостандығынан айыруға шектеу қойылып, сотталды.

Сонымен қатар, әкімшілік шара бойынша 17 материал  материал әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайтын уәкілетті органға жолданып, лауазымды тұлғаларға 1 727,3 мың теңге айып салынып бюджетке өндірілді.

Мемлекеттік аудит нәтижелері көрсеткендей, орын алған бұзушылықтардың негізгі себептері бухгалтерлік есептердің дұрыс жүргізілмеуі, шығындардың жоспарлануы мен жаратылуы, сондай-ақ ақылы қызметен түсетін кірістердің жоспарлануы, нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес болмауы  болып табылады. Мемлекеттік  аудиттің нәтижелері  аудит объектілерінің алдына қойылған міндеттер мен функцияларды әзірлеу, үйлестіру және іске асыру  процесінде  жауаптылықтын жеткіліксіз дәрежеде екендігін, сондай-ақ бюджет қаражатын жоспарлау және іске асыру барысында  аудит объектілері  және бюджеттік бағдарлама әкімшісі тарапынан  тиісті  мониторинг пен бақылаудың  жоқтығын көрсетеді.

Шымкент қаласы бойынша

тексеру комиссиясының төрағасы                   

Н.А. Нәлібаев