Жер қойнауын пайдаланушылар міндеттемелерін орындамаған

Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит объектілерінің 2019 жылға арналған тізбесіне сәйкес , ағымдағы жылдың 3-4 тоқсанында «Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына және оған бағынысты ұйымдарына» бюджеттен бөлінген қаржылардың іске асырылуына тиімділік аудиті жүргізілді. Аудиторлық іс-шарасы аясында бірқатар қаржылық және рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылар бойынша төмендегі мән-жайлар анықталды. Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттарында және жұмыс жоспарларында көрсетілген міндеттемелерінің орындалуы бойынша жүргізілген талдау барысында 27 жер қойнауын пайдаланушылармен 2018 жылдың қорытындысы бойынша 45 543,3 мың теңгеге қаржылай міндеттемелерінің орындалуы расталмаған. Оның ішінде, жер қойнауын пайдаланушыларының тарату қоры бойынша 1475,83 мың теңге қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша 2378,7 мың теңге, қоршаған ортаның эмиссиясы бойынша 2096,3 мың теңге, өңірдің әлеуметтік саласына 23 076,0 мың теңге және жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша 16516,5 мың теңгенің қаржылық міндеттемелерінің орындалғаны расталмаған. Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан келісімшартта қаралған міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету бағытында шаралар жеткілікті деңгейде жүргізілмеген. Бұдан басқа, Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан жер қойнауын пайдаланушыларға пайдалы қазбаларды өлшейтін құрал(таразы) орнату қажеттілігі туралы міндеттемелерді бір ай көлемінде орындау қажеттілігі туралы хаттар жолданған. Алайда, мекеменің жауапты қызметкерлерімен жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан аталған міндеттеменің орындалуына талдау жүргізілмеген. Бұдан әрі қарай талапты орындау аясында шаралар қабылданбаған. Бүгінде аталған басқармасымен 6 жер қойнауын пайдаланушының арасында түзілген жер қойнауын пайдалану туралы шарттар кері қайтарылған. Алайда, шарттары кері қайтарылған жер қойнауы пайдаланушылар тарапынан жер қойнауын қайта қалпына келтіру мерзімдері мен іс-әрекеттері нақты белгіленбеген. Нәтижесінде, бүгінгі таңға дейін 5 жер телімі бойынша жер қойнауын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Өз кезегінде, аудит барысында жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті бюджет кірісіне уақтылы тиісті салығын төлемегені анықталды. Нәтижесінде, Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына салық органдарымен «Шымкент қаласының кірістер департаменті» мемлекеттік мекемесі және «Оңтүстік Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаменті» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен жұмыстарды үйлестіру бағытында тиісті шаралар қабылдау туралы нұсқама жолданды. Бүгінгі таңда, орын алған 45 543,3 мың теңгеге қаржылай бұзушылықтың, тексеру комиссиясының бақылау аясында жер қойнауын пайдаланушылардан 32 936,2 мың теңгесі өндіріліп қалпына келтірілді. Сонымен қатар, тексеру комиссиясы тарапынан жоғарыда аталған бұзушылықтарды жою бойынша өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге тиісті ұсынымдар берілді.

Тексеру комиссиясының мүшесі                                                                           А.Балықбаев